Соңғы ғасырдағы ең ауыр зілзала — Түркия мен Сириядағы табиғи апаты бүкіл адам баласының қабырғасын қайыстырып отырғаны аян. Әлемді дүр сілкіндірген жер сілкінісінен қаза тапқандар саны әлі де толастаған жоқ.

Соңғы мәлімнеттерге сәйкес, екі елде болған жер сіл­кінісінен қаза тапқандар саны 40 мыңнан асып кетті.

Қайғылы жағ­дайға байланысты төрткүл дүние қол қусырып, қарап отырған жоқ, қолынан келген көмектерін беріп жатыр.  Әсіресе, түрік бауырларымызың басына түскен тауқымет түбі бір қазақ таланттарын да бейжай қалдырған жоқ.  Солардың бірі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, суретші Ерболат Төлепбай «Қазақ өнерінің Түркияға көмегі» акциясына қатысуға үндеу жариялаған болатын. Бұл бастамаға үн қатқандар табылып, суретшінің «Ұмай ана» атты бірегей туындысы 10 млн теңгеге сатылып, бүкіл қаражат Түркия елшілігі ашқан арнайы қорға аударылды.

Сауапты оқиғаның анық-қанығы жайлы қылқалам шебері былай дейді: «Жарияланған үндеуден кейін аукцион мәселесімен айналыстым. Әрине, жедел арада үлкен көлемде мұндай іс-шара ұйымдастыру көп уақытты қажет етеді. Себебі бұл оңай жұмыс емес.

Өйткені онымен айналысатын арнайы компаниялар бар, олардың кестесіне сай келу, ұстанған саясатымен үндес шығу, адам жинау, жарнама жасау секілді мәселелер туындады. Сондықтан жақын туыстарыма, жора-жолдастарыма сауын айтып, үндеу тастадым. Туысқандық, ағайындық, жолдастық көңілімізді білдірдік. Үлкен аукционды күткенше біршама уақыт өтіп кетеді. Ал қа­зіргідей қиын кезеңде Түркия тарапы қыруар қаражатқа мұқ­таж. Жағдай қиын. Сол себепті жедел аукцион ұйымдастырдым. Оған негі­зінен Қанат Төлеметов бастаған бес жігіт атсалысты. Рүстем Қараев, Ержан Омаров, Виталий Ким, Азамат Сыр­ғабаев секілді атымтай жомарттар бұл ұсынысты қостады», дейді.

Осылайша, жедел өткізілген аукционға қылқалам шеберінің «Ұмай ана» картинасы қойылыпты.

«Бұл өте сапалы салынған біртуар шығармамның бірі еді. Атымтай жомарт бес жігіт қосылып, аукцион кезінде картинаны 10 млн теңгеге бағалады. Оның қорытындысы шыққаннан кейін қаражатты кімге тапсыру керек деген мәселе туындап, Түркияның Алматыдағы бас консулдығына хабар­лас­тық. Түрік бауырларымыз бізді арнайы қабылдады. Негізі сатылған кар­ти­на біреу ғана. Оны бес жігіт бөліп алуы керек. Олар ақылдаса келе шығар­маны да Түркия тарапына сыйлық ретін­де тапсыруға шешім қабылдады. Сөй­тіп, кездесу барысында 10 млн теңгені Түркиядағы апаттан зардап шек­кен бауырларымызға көмек ретінде аудардық. «Ұмай ана» картинасын да табыстадық.

Ал «Ұмай ана» картинасында көнеден келе жатқан аналарымыз бейнеленген. Қолында жас сәбиді көтеріп тұр. Қылқалам шеберінің айтуынша, бұл шығарманы сыйлаудың рәміздік мәні бар. Қазақтар да, түріктер де ерте заманда бір анадан пайда болған. Сондықтан бала ұстап тұрған Ұмай ананың картинасын жаңарған Түркия­ның рәмізіне айналсын деген тілекпен тапсырған көрінеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *