Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі наурыз айын «Көктем өрнектері» көрмесімен ашты. Бұл көрмеге музей қорынан алынған Қазақстанның кескіндеме және сәндік-қолданбалы өнерінің хас шеберлері – Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмаилова, Тоқболат Тоғысбаев, Әли Жүсіпов, Құрасбек Тыныбеков, Амангүл Иханова сынды танымал суретшілердің туындылары қойылды.

Қылқалам шеберлерінің шығармалары ұлттық нақышта, әрқайсысының өзіне тән, танымал авторлық мәнерде орындалған.

Наурыз айында көрмеге келушілер Айша Ғалымбаеваның «Дастархан», «Аяққап» натюрморттары, «Қуанышты күн» атты тақырыптық туындыларымен қайта қауыша алады. Сол сияқты, көрмеге Гүлфайрус Исмаилованың «Халық шебері», «Қымыз. Натюрморт», «Бас киімдер», табиғат тынысы мен сұлулығын паш ете алатын суретшілердің аға буындағы өкілі Әли Жүсіповтың «Күйші» туындысы да қойылған.

Ал Әли Жүсіповтің портреттерінен дарынды да рухани бай адамдардың күрделі әрі сан қырлы мінез-құлқы менмұндалайды. Зейнеп Түсіпованың әйелдер мереке қарсаңындағы қарбаласты керемет суреттейтін «Отбасы ошағы» сериясындағы «Бауырсақ пісіру», «Ауыл әйелдері» атты жанрлық туындылары да тартымды. Ұлттық тақырыптың жалғасы ретінде Бақыт Бапишевтің «Құнарлылық символы» шығармасы да көрмеден орын тапты.

Экспозициядан қазіргі уақытта туындылары кеңінен танымал болған Алексей Уткиннің «Ұлттық колоритте», «Қалыңдық пен күйеу» атты картиналары, Нелли Бубе шығармалары, Ботагөз Ақанаеваның аппликация техникасында орындалған «Мереке-2» деп аталатын туындысы келушілерді көркемдік шешімімен қызықтыра алады.

Сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің танымал өкілдері – гобелендері «Кілемші» артелімен жасалған Құрасбек Тыныбековтың, Амангүл Иханованың туындылары да «Көктем өрнектері» көрмесінен тыс қалмапты. Өйткені, қазақстандық гобелен тарихы осы артельден басталады. Сонау 1930 жылдардың аяғында осы гобелен шеберханасы ашылған болатын. Эскиздерді әзірлеуге бірқатар танымал қазақстандық суретшілер – Ә.Қастеев, Н.Цивчинский, А.Исмаилов, Г.Исмаилова қатысқаны тарихтан аян. Бұл жұмыстарды қазақтың тоқу өнерін жақсы меңгерген қолөнершілері орындаған.

Суреттерді түсірген Юрий Беккер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *