Қылқалам өнерін қастерлейтін қадірлі оқырман, «Art of Her» арнаулы сайты өзінің ең алғашқы сұхбатын  талантты суретші Жеңіс Кәкенұлымен таныстырудан бастайды.

Бейнелеу өнерінің бел баласы  Жеңіс Кәкенұлы суретшілер туралы жазылған «Ақ зер» кітабының авторы. Картиналары Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде, Республикалық Ұлттық музейінде, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейінде сақтаулы. Еліміздің және Молдова, Германия, Түркия едерінің жеке картина жинаушылар қорында да суреттері бар.


Жеңіс Кәкенұлы, шеберханаңызда дәл бүгін не жазып отырсыз?

Міне, Астанаға қоныс аударғаныма 25 жылдай уақыт болған екен. Содан бері көргеніміз қала көріністері. Жазы-қысы, көктем-күзі, жауын-шашыны, аптабы-ақырабы мен бораны болғандықтан, «Қала көріністері» сериясын жазып жүрмін.

Сондай-ақ, құстарға арналған «Күміс қауырсын», петроглифтерге бағышталған «Таңбалы тас» сериялары бар.

Сіздің сонау Алатаудың бір бөктері Кеген, Үш Меркі, Жалаңаш пен Көлсайдың бауырында туғаныңыз «Сәйгүлік семантикасында» айқын байқалып, онымен қабысып жатады. Тіпті жылқылыр тақырыбының өзіне ғана жүзден аса жұмыс арнадыңыз?

Ұлттық құндылықтар дейміз ғой, ертегілер, мақал-мәтелдер, әдет- ғұрып, металитет, ән-күй сияқты. Мен қазақтың сол ұлттық құндылықтарының ішіне жылқы жануарын да кіргізер едім. Өйткені әрідегі сақ, түркілерге бармай-ақ қояйын, берідегі Қазақ Хандығын құрған Керей мен Жәнібек бабаларымыздан тартып, кешегі қан қасап жасаған қызылдар дәуіріне дейін бізді арқасына мінгізіп алып келген, басқа емес, жылқы – «Қамбар ата». Батырларымыз бен бабаларымыз майданға өздерінің жарымен, баласымен, әке-шешесімен бірге кеткен жоқ. Қару-жарақ артқан астындағы атымен кетті. Қашса – жанын аман алып қалды, қуса – дұшпанын құтқармады. Жауды жеңсе, мерейін үстем етті. Елін қорғаса, қайратына жігер-күш берді. Жылқы қазақ халқының ажырамас бір бөлшегіне айналды. Әншейін көлік болып қана қоймай (етін, қымызын, терісін тұтынған өз алдына), жылқының жаны адам секілді қазақпен бірге өмір сүрді. Иесі қапыда мерт болса – жақындарымен қоса жоқтады. Аза тұтты, жал құйрығы кесіліп тұлданды.

Жылқы тақырыбына баратын суретшілерге қызғанышым жоқ, өйткені оның шеті-шегі және жоқ. Әріптестерімінң неғұрлым талантты болғаны маған да жақсы. Тек менің жылқы баласына жаным ашиды. Әсіресе додада, көкпар тартқанда езуін тіліп, сауырға сабап, басын қамшымен ұрып тұрып, топқа салып қинап жатқан кезде менің оған қарауға дәтім жете бермейді. «Иә пір-ай, осы бізді мына күнге жеткізіп кеткен Қамбар Атаны ойынның азартына кіріп алып, зорлықпен зорықтырып, обалына қалып жүрген жоқпыз ба?» деп те күдіктенемін.

Адамның қуанышы-шаттығымен қосып аттардың азабын да жазғым келді, адам кейіпті, адам образды қылып. Биік бір әндей қылып, Адам мен Жылқы тандемін жазсам деймін, Исатай батыр мен Ақтабан аттай тұтастырып. Құлагер мен Ақанның арасындай, қыл өткізбей, Кене жирен мен Жұматай Жақыпбаевтай жақын етіп. Уақыт жеткізсе, Тәңір жазса.

Өзгелерге қарағанда өнер адамдары көне жәдігерлердің құнын жақсы біледі. Үйіңізде ескінің көзіндей, қымбат саналатын өнер туындыларыңыз бар ма?

Бұрынғы сұхбаттарымда да айтып жүремін, «маған қонған осы сурет өнері әуелі Құдай, сонан соң өнер нағашыларым жағынан келді-ау» деп. Анамның шебер кісі болғанында талай айтқан болатынмын.

Біз шаңырақ көтергенде шешемнің тігіп берген төр көрпесі әлі күнге, көз алдымызда, төрімізде жатыр. Көздің жауын алатын, сондай сәнді көрпе. Біздің үйге келген суретшілер сол құрақ көрпеден көз ала алмай, «ойпыр-ай мынандай шедеврге отырудың өзі обал ғой» деп тұрғаны. Үйіміздегі мүліктің ең басы, дүниеміздің қымбаты сол, анам тігіп берген құрақ көрпе.

Ұлттық өнерімізді ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп жеткізген оған себепкер болған ұста шеберлер туралы қаншалықты білесіз. Нағыз ұста-шебер дегенде кімдерді ауызға аламыз?

Әріге бармай-ақ, кешегі дүниеден өткен Дәркенбай Шоқпаровты, ол кісінің қиямет еңбекқорлығын айтар едім. Сосын бүгінде көз алдымызда жүрген Берік Әлібай, Сержан Баширов, Асылмардан Қадырбаев, Естай Дәубаевты, ағайынды Құлмановтарды қосамын. Әсіресе, осы шеберлердің арасынан Сержан Башировтай замандасымыздың орны мен үшін ерекше. Ол – баяғыдан келе жатқан зергерлік-ұсталық өнерді игеріп, тереңін зерттеп, құпиясын меңгеріп қоймай, осы заманға не керегін біліп қана қоймай, болашаққа немен баруды жақсы білген нағыз шебер дер едім. Оның жасаған дүниелерін көзім көрді, көрмелерінде талай рет болдым. Мейлінше көп фото-суретке түсірдім. Келістіріп жазғым да келеді. Ілгеріде құрдасым Берік Әлібайдың зергерлігі туралы эссе жазып, ол оқырманға жеткен болса, «қалай жазамын-ау, қайтіп жазамын-ау» деп өнерін жазуға күмәнданып жүрген шеберімнің бірі – осы, Сержан Баширов.

Халқымыздың зергерлік өнерін зау биіктен қарап, үнемі назарда ұстап отырмағандықтан, көз алдымдағы шеберлер туралы һәм Сержан туралы ғана айтып отырмын. Ал ол сияқты, еліміздің түкпір- түкпірінде мен білмейтін шеберлер мол болуы бек мүмкін.

«Art of Her» жобасының мақсаты да сол, танылмаған таланттарды табу, бейнелеу өнерін өз биігіне көтеру. Ал енді «Ақ зер» кітабын жаздыңыз. Суретшілердің өмірі мен шығармашылығына арналған туындыңыз өз оқырмандарын тапты ма? Әттең-ай деген жері бар ма? Оның жалғасы бола ма?

«Ақ зер» кітабында еліміздің айтулы суретшілерімен қатар әлемдік бейнелеу кеңістігіндегі реализм, кубизм, гиперреализм, импрессионизм өкідері, портретші, маринис суретшілер туралы жазылған кітап болатын.

Суретшілер туралы журналист, жазушылардың жазғанын оқып жүрміз. Ол кісілер қанша жақсы жазса да, бүтіндей беріліп жазса да бәрібір сырттай жазады. Бейнелеу өнерін ішінен сыртқа қарай лықсыта жазатын, дәмін, тұзын, сырын түсініп, жұлын тұтасынан өткеріп, түсініп емес, сезініп жазған мүлде бөлек. «Шыбын сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар ғой, мольберт пен палитраны ажырата білмейтін адамдардың сурет өнері туралы жазып отырғанда қарным ашқандығынан ақырында қолыма қалам алып жазып кеттім. Бұл да маған Құдай тағаланың берген тағы бір мүмкіндігі екен.

 «Ақ зер» кітабым оқырман кеміп кеткен мына заманда кең көсіліп, мол тиражбен шықты деп айта алмаймын. Бірақ сол аз ғана тираждың өзін, бір өзі – бір топ адамды елестететін, сөзді-өнерді түсінетін адамдардың қолдарында кеткені мен үшін мерей.

Жалғасына келсек, «Қазақ бейнелеу өнерінің әлемдік деңгейдегі алатын орыны қандай» деген сұрақ төңірегінде өнертанушылармен ақылдасып отырып «Ақ зердің» келесі кітабын жазсам деген ойым бар, Тәңір жеткізсе.

Ал «әттеген-ай» деген жеріне келетін болсақ, ақ кітаптың бірді-екілі кеткен әріп қателігі, белгілі бір суретшіміздің аты-жөнінің ауысып жазылып кетуін айтар едім.

Бағзыдағы Рембрандттан бастап, бағанағы Жұмақан Қайрамбаевқа дейінгі жазғандарымның көпшіліктің назарына түскеніне «әттеген-айым» жоқ.

Әңгімеңізге рахмет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *