Жігерлілік пен тектілік, баурап алатын турашылдық пен таланттың қол жетпес құпиясы суретшілерді ұдайы уақыттың тірі әрі жарқын символы болған Абай образына қарай тарта берді. Неге? Өйткені, Абай – Қазақстан тарихындағы алып тұлға, қазақтың әлемдік деңгейдегі көрнекті данышпаны. Абай ұстаз, ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер, аудармашы, саяси қайраткер, либералды көзқарасын исламға дініне таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Қос ғасырдың тоғысар тұсында «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп» екі жаққа үңілген ұлы Абай, халықты өркениеттің өріне алып шығар амалды тапты. Ол ғылым мен білім, өнер үйрену жолы еді. Замананың тұрпатын, ұлт тұрмысының кемшілікті тұстарын Абайдай көре білген, ұлы ақындай таныған жан кемде-кем. Абай жасампаздығының мәңгілігі мен өнерінің өрістілігі осында жатса керек. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы Абай феномені – қазақ ұлтының өркениеттік болмысындағы орны айтып болмас ұлы құбылыс!

Мақала мазмұнында қазақстан суретшілерінің шығармаларындағы Абай образы мен Ресей суретшілері шығармаларындағы Л. Толстойдың образы бірге  талданып, олардың композициялық ерекшеліктері мен психологиялық портреттерінің жақындықтары қарастырылады. 

Абай бейнесі мен шығармашылығына арналған әр кезеңдегі суретшілердің жұмыстары бар. Өткен жүзжылдықтағы және заманауи шеберлер Абай образын, оның ұлылығын бейнелейді. Кескіндемелерде суретшілер өз көзқарастармен Абайды кейде отырғызып, қолына кітап ұстатып, кейде шабыт үстіндегі кейіпін бейнелеп, ойшылдың ұлылығын шынайы түрде жеткізеді. Сонымен қатар Абайдың  ХІХ ғасырда өткен халықтың ұлттық мінезін, тағдыр-тәлкегін, тұрмыс-тіршілігін, кеңдігі мен сұлулығын, жалпы көшпелі және отырықшы дала елінің  түгелдей көріністер де  баяндалған. Бірақ, араларынан Ә. Қастеев, П. Лобоновский, Т. Тоғысбаев және Ә. Жүсіпов сынды суретшілердің шығармалары қозғалады. Және оларды талдай отырып, салыстырмалы түрде көршілес Ресей елінің атақты И. Репин, И. Крамской және М. Нестерев  сынды шеберлерінің шығармаларындағы ұлы жазушы, философ Л. Толстойдың образы бірге сараланып отырады. Әрине, бұл тұлғалар мен суретшілердің өмір сүрген заманы сәйкес келмейтіні белгілі. Соның ішінде аталған суретшілердің тарихи тұлғаларды жазуда алдыларына қандай да бір міндеттер мен  шешімдерді қойғандығына мән беріледі. Бұл әдіс қаламгерлік саласындағы өнер адамының шығармашылығын, тағдырлары мен жалпы өмір жолдарының ұқсастығын қарастырып айқындауға мүмкіндік береді.

Павел Лобоновский, Абайдың портреті, 1887 ж.

Сонымен, Абай бейнесінің алғашқы нұсқасына тоқталсақ, 1878 жылы Қазақстан аумағында Ресей зиялыларының жер аударылған өкілдерінің бірі П. Лобановский (1857-1887) қазақтың бейнесін терең және ақылды көзқараспен жеткізе білді. 1987 жылы жазылған портретінде Абайдың басында тақия, дөңгелек бет, селдір мұрты мен сақалы қысқа да жинақы. Үстіне кигені қазақы шапан, терең ойға шомып, әлдебір алыстарға ой жүгіртіп отырғандай. Нағыз қазақи қалып. Оған өте құнды түсініктеме пікірлерін жазуынан да Абайға деген суретшінің құрметі айқын аңғарылып тұр. Онда былай жазылған: — Ибрагим Құнанбаев — Семей уезі, Шыңғыс болысының қазағы. Қазақ даласына ерекше белгілі Құнанбай Өскенбаевтың (ол1886 жылы өлген) баласы. Өзі де жеткілікті мөлшерде әйгілі адам. Өз халқының әдет-ғұрпының білгірі… Қазақтар арасында үлкен ықпал иесі. Қырық бес жаста. «Ал, портреттің сырт жағында: — Семей уезі Шыңғыстау облысының құрметті қазағы Ибрагим Құнанбаев 45 жаста. Облыстық статистикалық комитеттің мүшесі» деп жазылған. Портреттің көлемі 30-40 cм, жылтыр картонға салынған. Павел Лобановский қарындашпен салынған суретті қаланың өлкетану мұражайына тапсырған. Абайдың бұл портреті ұзақ жылдар бойы Семей өлкетану мұражайында сақталған. Ал 1940 жылы қалада Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайы ашылған кезде ол жерге берілді. Содан бері ол мұражайдың құнды экспонаттарының қатарында болды. 

Алғашқы қазақ суретшілердің бірі Әбілхан Қастеев (1904-1973) өзінің талантымен және көркем шығармашылығымен Қазақстанның бейнелеу өнері тарихының жарқын көрінісіне айналған,  ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізге өмірі мен талантын толықтай арнап, шексіз беріле еңбек еткен. Ә. Қастеев Абай бейнесіне бірнеше рет жүгінген, ол 10-нан астам акварель және қарындаш жұмыстарын жасады. Қастеевтің «Жас Абайдың портреті» (1945) атты кескіндемесі М. Әуезов жасаған «Абай жолы» романындағы Жас Абай бейнесінен шыққан. Бұл портрет керемет шеберлікпен көрінеді. Жұмыстың түсі қоймалжың және ұстамды. Портретте Абай жас, бірақ байсалды суреттелген. Суретші оның руханилығына баса назар аударады: қолында ол ашық кітапты ұстайды, алысқа қарайды. Қастеевке жас жігітте жасырылған ұлы құрметті, ойдың айқындығын байқап, дарындылығы мен күшін көрсету ер маңызды болды. Ол жас жігіттің жарқын, есте қаларлық бейнесін жасай алды. Қастеев ұлылықты, – шынайы халық жанашырының тән қасиеттерді атап өтті. Адамның ішкі бойын көзбен жеткізу Қастеев талантына тән.

Әбілхан Қастеев, Жас Абайдың портреті, 1945 ж.

Кезекті шығармада Ресей суретшісі, ұлттық реалистік кескіндеме өнерінің аса көрнекті өкілдерінің бірі И. Репиннің (1844-1930) шығармашылығынан данышпандықты суреттеуін қарастырамыз. Ол замандастарының портреттерінің галереясын жасаған, тарихи суретші және тұрмыстық көріністердің шебері ретінде жұмыс істеген. Кескіндеме саласында ұсынылған жағдайдың эмоционалды экспрессивтілігін аша алған. И. Репиннің (1887) Лев Толстойға арнап  жазған портреті ежелгі асыл тұқымды тұлғасын айқындауда жоғары маңдай, жалтыраған сақал, өрескел бет ерекшеліктеріне назар аударған. Ескі креслода сенімді отырған орыс бояры. Көрініс бөлек, бейтарап, алысқа бағытталған мейірімді көздері ашық дегенмен, ол көрерменді тесіп өткендей. Қарапайым қара киім қара креслолармен алмасып, біріге кеткен. Бұл кейіпкердің бейнесінің көрнектілігін арттырады. Ашық және таза фон әсерді күшейтеді. Қолында кітап, бұл – түбірі терең символ кездейсоқ емес. Жазушының оқыған заттары, жаңа идея пайда болған сәтін береді. Портретке қарап, кез-келген адам Толстойдың ұлылығы мен рухани монументалдылығын сезіне алады.

Илья Репин, Лев Толстойдың портреті, 1887 ж.

Жоғарыдағы Ә. Қастеевтің Жас Абайы мен И. Репиннің Толстойында үлкен айырмашылық – жас ерекшеліктері, бірі енді ғана үлкен жолды таңдаған жас жеткіншек, ал, екіншісі – керісінше, кемеңгер шақтағы егде жастағы тұлға. Бұл қазақ әдебиеті мен қазақ кескіндемесінің де де осы тұста енді бас көтергенімен теңеледі. Тек оларды біріктіретін қаламгерлік және бос кеңістіктегі орындары. Яғни, артқы фон олардың психологиялық ішкі көңіл-күйлерін тереңірек ашуға мүмкіндік береді.   

Абай бейнесін зерттеуде Қазақстанның суретшілері арасынан Т. Тоғысбаевтың (1940-1996) тоқталайық. Соның ішінде «Ойшылы» (1971) өмірде көпті көрген, толысқан адам ретінде көрсетілген. Ойшыл, философтың образын жасау үшін ықшам әрі монументтік шешімдегі композицияны таңдап алған. Абай қырынан бейнеленген, терең ойға батып, алып жарты шар жердің фонында отыр. Фигура біздің өмір сүріп жатқан планетамызбен шамалас. Абайдың өзі – суретшінің көзімен ғарыштық ауқымдағы тұлға. Образ адамның драмалық жалғыздығын білдіреді. Абайдың бүкіл бет-жүзінде ішкі шиеленіс сезіледі, мұнда ой мен сезім қуаты шоғырланған. Киімде жылы түс пен суық түстің үйлесуі – нақ бір бойында мұз бен жалын, құштар ықылас пен парасатты ақылды қатар алып жүрген адамның түстік метафорасы. Образға кездейсоқ қосымша көріністер де өріле кіріп кеткен: ашық тұрған кітаптың бетін жел желпиді, қара аспанда мазасыз қызыл ай дөңгелене жүзіп жүр, оның киімнің түсімен үндесуі бекер емес.

Тоқболат Тоғысбаевтың, «Ойшылы», 1971 ж.

Тоғысбаевтың «Ойшылын» И. Крамскойдың (1837-1887) Л.Толстойға арнаған портретімен бірге саластырып көрейік. Бұл талдауда олардың ерекшеліктері, ұстанымдары көзқарастары анықталады. И. Крамскойдың Толстойында (1873) портреттен көрермен қарапайым орындықта отырған, кәдімгі қараңғыда көйлек киген жас жазушыны көреді. Жазушы қара қоңыр фонда бейнеленген, ол Лев Николаевичтің фигурасы мен бетіне назар аудармайды. Осы тұста алдағы айтылған Ә. Қастеевтің Жас Абайындағы бейнелеу құрылымындағы сәйкестіктер келеді. Крамскойдің портреттерінің үлкен артықшылығы – оның бет-әлпетімен жеткізілген адамның ішкі әлеміне таңқаларлық терең ену. Толстойдың бетіне таңданыспен қарауға болады, бірақ бұл адамның сұхбаттасушысы сияқты сезіну қиын. Толстой көрерменге өзінің ақылды ойшыл, философ және уағызшының көзімен мұқият қарайды. Оның бүкіл бейнесінде жазушының рухының күші, оның ерік-жігері мен энергиясы, қағып алғыш, түсінікті және ізденімпаз көзқарасы көрінеді. Крамскойдің портреті монохромды мүмкін, фотографиялық портреттердің әсері бар. Ол салған портреттердегі кез-келген тұрмыстық бөлшектер іс жүзінде жоқ, демек, көрерменнің барлық назары тек бейнеленген адамның жеке басына бағытталу керек болды.

Иван Крамской, Лев Толстойдың портреті, 1873 ж.

Екі шығарманың айырмашылығы араларында жүз жылдық жатыр. Егер Крамской өз кейіпкерімен өмірде жүздесіп, оның образын натурадан жазса, Тоғысбаев ойшыл Абайды тек кітап жазбаларынан танып білді. Сондықтан – суретші үшін Абай ғарыштық ауқымдағы тұлға. Бұл кескіндемелерді біріктеретін дәйек – ұлы тұлғалардың драмалық сезімге толы, ішкі жалғыздығы. 

Суретшілердің өз жолын, бір-бірлерін, өз замандастарын, ақын-жазушы, ғалымдарды шығармашылықтан ғана көрген. XX ғасырдың бірінші жартысында ұлттық мұраның жаңа уақыттың әлеуметтік белсенділігімен жарасымды үйлескен шығармашылық трансформациясы Әли Жүсіпов (1928-1974) шығармашылығында да байқалды. Оның академиялық постулаттардан: детальдан тазалануға, негізгі бейнелік идеяны анық көрсететін форма мен түр-түстегі жалпылықтан бірте-бірте кеткенін бақылау қызық. «Ақын» композициясында жазықтықтыққа ұмтылыс, кенеп кеңістігін барынша толтыру, түстерді әртүрлі реңксіз және жарық-көлеңкесіз таза пайдалануға бой ұру көрінеді. Киіз үй ішкі интерьерінің фонында жастыққа көлденең таянып жайғасқан ақынның алдында қауырсынды тушь пен шашылған қаламдары жатыр. Керегенің арғы жағынан бір-екі түйелер байқалады. Осы композиция қазақ халқының көне тұрмысымен сабақтасып, ұлттық реңді ашады. Яғни, шығарманың өн бойы ойшылдың дарынын көрсетіп қана қоймай, қазақ халқының жалпылама образын беруден құралған.  

Әли Жүсіпов, Ойшыл ақын, 1974-1975 жж.

Абай образы іспеттес ресей суретшілері арасында жазушы Толстойдың образы өздігінше дамыды. М. Нестеров (1862-1942) жас кезінен бастап қартайғанға дейін мейлі портретте, мейлі суретте болсын – ішкі шындықтың өзегі әрқашан адам бейнесінде болатынына сенімді болды: көздің отынан немесе жалынынан, жылы күлімсіреуден немесе еріннің күлкісінен әрекеттің электр тогы пайда болады, бұл бүкіл фигураны және суреттегі онымен байланыстың бәрін басқарады. М. Нестерев үшін «христиандық түсініктер бойынша» сол кездегі көптеген адамдар арасында Толстойдың (1907) орны ерекше болғандығын көрсету қажет болды. Фон ретінде суретші егістік аясындағы тоғанды, жағасына отырғызылған шыршаны және ауылды таңдады. Осы маңда егде жастағы халық жазушы шаруа кейіпінде бейнеленіп, терең ойда кідірген қалпы тұр. Пейзаждың рустикалық сипатында Толстойдың дүниетанымының бастамасы халық екендігіне баса назар аудару.

Михаил Нестеров, Лев Толстойдың портреті, 1907 ж.

Аталған портреттер  жай ғана портрет емес-бұл әртүрлі мінез-құлық, тәжірибе, үміт, күмән мен ниеттің тұтас шоғыры. Бұл халық қалыңынан шыққан адамдардың портреттері, яғни, адамзат отбасындағы тарихи және мәдени тұлғалар ретіндегі халықтың портреттері, олардың мінездерінің тұтас күрделілігі, оны түсіне білу. 

Абай және оның шығармашылығы туралы зерттемелер көп, дегенмен, жоғарыдағы анықтаулар іспетті, басқа елдің портреттік нұсқаларымен салыстырып бақылау, оның ұлылығын ашып, айқындай түседі. XXI ғасырда бейнелеу өнері сияқты адам жайында айтудың осындай көне тәсілі қажет бола ма? Суретші қандай да бір портретті жазуда адамның ішкі әлемінің кейбір маңызды және мүмкін негізгі нюанстарының ізін қалдыратын белгілі бір сызықты байқай алады. Ол осы портреттерде бұл сызықтарды күшейте алады, кескіндеме құралдарымен ерекшелей алады, нәтижесінде көрерменнің көз алдында айқын етеді. Кескіндеме портрет жанрының өмір сүру құқығын мейлінше қалпына келтіріп, соның ішінде тарихи тұлғалардың образдары өнердің төрінде бұрын-соңды болмаған биіктікке көтерілгендігі айғақ. Ал осындай өнер туындылары арқылы біз Абайдай ұлы ақындарды терең тануға баса мән беруге мүмкіндігіміз бар. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі.

Сандуғаш Мырзабекова, ҚР Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің «Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімі, графика және мүсін секторының жетекшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *