Шырақшы Аида Әділбектің Art of Her редакциясымен бірлесіп бастаған авторлық айдары. Жобаның мақсаты Орталық Азияның заманауи өнер саласындағы суретшілер мен шеберлерге назар аударту және аудиторияны олардың шығармашылығымен таныстыру. Біздің алғаш кейіпкеріміз көпсалалы суретші, “If” қияли заманауи өнер туралы журналының негізін қалаушы және бас редакторы, Дана Искакова.
Мен Данамен 2016 жылы қазақстандық өнертанушы мен куратор, Юлия Сорокина жетекшілік еткен, ARTBAT fest заманауи өнер фестивалінің қарсаңында өткен жас суретшілерге арналған “Көркем ым мектебінде” (ШХЖ — школа художественного жеста) таныстым. Екі ай теориялық және практикалық дайындықтан кейін мектептің бірінші жылының түлектері Алматы қаласының Трамвай депосында көрмеге дайындалып жатты. Сонда Дана өзінің “Мен осында Влад үшін келдім” (“Я пришла сюда из-за Влада”, 2016) атты жұмысының тұжырымдамасын ұсынды. Бұл жердегі Влад — ол Владислав Слудский, ARTBAT fest фестивалінің басты ұйымдастырушыларының бірі. Яғни, суретшілердің өзінің ең басты шығармашылық және мектепке қатысу мотивациясы ретінде Владиславпен танысу екенін меңзеді. Инсталляцияны құрбысы, Анастасия Щурова екеуі орындап, Дананың ойы өнер ортасының арасында мета-қалжыңға айналған дәстүр бастап кетті.
Дәл сол көрмеге Дана “Enlightenment” атты екінші инсталляцияны ұсынды. Бұл Дананың көп жылдар бойы шығармашылығындағы қара түспен байналысты жобаларының басы болып келеді. Мұнда қара үстел бетінде қара түске боялған жарық шамы тұрды. Суретші “қараңғы” мен “жарық” түсініктерін қарама-қарсы қоймай, бізге үйреншікті жарық сәулесі тарап тұратын шамнан қара түсті жарық тарай ала ма деген сұрақ қойды. Өйткені “қараңғы жарықтың жоқтығын емес, бірақ қараңғының өзі бір бөлек жарық көзі болады” деп Дана өзінің жұмысының тұжырымдамасында жазып қойған.
Кейіннен Дана morphthing.com AI бағдарламасы арқылы “Мен Владтан бала туғым келеді” (“Я хочу детей от Влада”, 2019) деген, Владиславтың фото суретімен кез келген көрермен өзінің суретін қосып, болашақ балаларының келбетін көре алатын жоба жасады. Бұл жоба трилогиялық акт ретінде орындалып, соңғысы 2019-жылғы саяси наразылық қарсаңында белсенділердің көшеге “Нұр-сұлтан — менің астанам емес, Тоқаев — менің президентім емес, Дариға — менің сенат спикерім емес” сынды плакаттарымен шыққанын сілтеп, Дана Владиславтың шынайы үйлену тойына “Влад — менің күйеуім емес” (“#Владнемоймуж”) деген плакатымен келді.
2016 жылға оралсақ осы Владпен, қара шаммен байланысты жобаларды естігенде көрме ұйымдастырушылары Данаға көптеген “неге?”, “не үшін?”, “адамдар қалай түсінеді?” немесе “адамдар не түсінуі қажет?” деген сұрақтар қойып жатты. Сол талқылауда бізбен бірге қатысып отырған қазақстандық танымал да дарынды суретші, Бахыт Бубиканова отырды. Бахыт бұл дауды тоқтатып, суретші ешқашан “біртүрлі, жынды” сияқты көрініп қалудан қорықпай, біріншіден, өзінің суретшілік түйсігіне сенім артып жүру керектігін айтып, Дананың ойларын қолдады. Мен өз басым осы сезімді аша білуге, шығармашылығыма байланысты сенімімді арттыруға көп жылдардан кейін үйрендім. Дана болса осы қасиеттерді әрқашан да өзі мен шығармаларында бірге алып жүрді. Дананың ой жүйріктігі мен шығармашылық шапшаңдығына Ділдә Рамазан екеуіміз бірлесіп ұйымдастырған “Новогодний набег” (2016 жылдың желтоқсан айы) атты Орталық көрме залының төменгі қабатында өткен интервенциямыздың барысында куә болдым. Ол ең алыстағы бір бөлмені таңдап, оның қабырғаларын толықтай көмірмен “I will never let you down Santa” деп жазып шықты. Бұл интервенция американдық фильмдерден таныс жаман балалар жаңа жылға сыйлықтың орнына көмірге толы нәски табатын дәстүр жайлы. Осындай қарапайым, күлкілі де, концептуалды жағынан көпқырлы жоба менің кураторлық шығармашылығымды бастап, өнермен өмірімді байланыстыруға үлкен әсер еткен жұмыстардың бірі.
Дананың шығармашылығында қара түспен байланысты бірнеше жоба бар. Олар атап өткен “Enlightenment” (2016), кейіннен “Blackboard” (2020) болды, және соңғысы “Black box” (2022). “Blackboard” аты айтып тұрғандай қара түсті тақта мен қара маркерден тұратын интерактивті инсталляция. Егер де біз қара тақта бетіне қара маркермен жазу жазып қалдырсақ, оның барлығы тақта бетіне сіңіп кетеді. Яғни, тақта өзі білетін ешқандай ақпаратты таратпайды. Оған қалдырған мағлұматты әрқашан да берік сақтайды. “Black box” ендеше осы жобаның әрі қарай дамып, ұлғайтылған түрі деп қарасақ болады. Орталық көрме залында өткен 2022 жылғы “Whomyn?” көрмесінің аясында Дана бөлменің түбін толықтай қара түске бояп, адамдарға қара маркерлер мен қара қарындаштарды қолданып, құпия жазуларын қалдыруға болатын алып тақта жасайды. Бұл кеңістікке кіреберісте бізді үш қара қораптар күтіп тұрды. Олардың ішінде қандай зат бар екені бізге белгісіз, тек сыртында сипаттамалық мәтінді оқып, бұл жұмбақты әрқайсысымыздың түсінігімізге сай шешіп алуымыз мүмкін. Жасырын объектілерді бейнелеу үшін суретші қораптар қасындағы үстелге түрлі түсті полимерлі саз секілді материалдарды толтырып, көрермендерді өздерінің суретшілік потенциалдарын ашуға шақырады.
Суретшінің шығармашылығындағы бұл жобалар арқылы біз қара түс қараңғыны немесе ақпараттың жоқтығын емес, керісінше, жасырын, көзге көрінбес көптеген ойлардың шоғырлануын білдіретініне көз жеткіземіз. XXI ғасырда барлығымыздың жеке мағлұматтарымыз тек мемлекеттің емес, сонымен қатар үлкен корпорациялардың меншігі болып кеткен уақытта, қандай да ақпаратты жасырын ету мүмкін емес. Дана осы жобалар арқылы авторитарлы мемлекеттер мен капиталистік әлемнің жүйелік бақылау мен қадағалау саясаттарына қарсылық білдіріп, “өзіміздің сырларымызды қалайша жасыра аламыз?” деген сұраққа концептуалды шешім табады. Сонымен қатар, суретшінің “Black box” жұмысындағы авторитарлы билік жайлы сыни көзқарасы үш қара қораптың ішіндегі ақпаратты бізден, көрерменнен, жасырын етіп қойғанында ары қарай тарқатылады. Суретшінің бұл шығармашылық шешімі заманауи әлемдегі көптеген оқиғалардың анығы мен шындығын білмей қалған халыққа тек өз беттерінше, қисық, ойқы-шойқы гипотезалар құру қалатыны жайлы орынды теңеу.
2022 жылдың жазындағы DAVRA ұжымының documenta fifteen көрмесінің аясында көпшілікке арналған бағдарламасына Дана “40 айна” атты интерактивті перформанс жасайды. Суретші көрермендермен бірлесіп 40 болат, дөңгелек табақшаларды бірнеше сатылы өңдеу үрдістері арқылы айнаға айналдырмақшы болды. Осындай қарапайым акт арқылы көрермендерді шығармашылыққа, сонымен қатар жоғарыдағы мысалда қандай да бір алхимияға тарту Дананың жұмыстарындағы соңғы жылдары айқындалып келе жатқан басты қасиеті.
Өнер интерактивтілігіне деген қызығушылығы Дананың осы жылы ақпан айында Гонконг қаласында өткен «Suture: Reimagining Ornament” көрмесінде “Money Making” (2023) жобасында да анық. Бұл туындының басты идеясы да атауына сай, қарапайым мөртаңба арқылы көрермендерді ақша жасау үрдісімен таныстырады. Көк сия мен қазақстандық теңгеге ұқсатылып істелінген мөртаңба дизайны адамдардың өздеріне қажетті ақшаны қолдарымен басып шығаруға мүмкіндік береді. Ақша құндылығына байланысты Дананың шығармашылық идеялары 2018 жылы жасаған ұжымдық D’öner Kebab жобамыздан бастауын табады. Онда жалған кәсіпкерлер болып отырған суретшілер ойыншық донер кебабтарды құртылған ақшаға айырбастап отырды. Дананың ұсынысы бойынша әрбір донер құны көрермендердің өздері қалаған ақша мөлшерін құрту немесе өнерге айналдыру үрдісіне теңелді. Демек, көрермендер донер сатып алу үшін ақшаның бетіне сурет салып, коллаж жасау арқылы сол банкноттың айналымын тоқтатты. “Money making” жобасы да ақшадан пір тұтқанша, ақша өндірісін өнер тәжірибесіне айналдыру жайлы ұсыныс.
Дананың интерактивті жобаларының қызықты жағы — олар көрмеге келген адамдарды өнермен жақындастарумен қатар, қалыптасып қалған жүйелік заңдылықтар мен әлеуметтік шектеулерден шығуға итермелейді.
Көрермендер жұмысты әр түрлі жағдайға байланысты қалай қабылдайтыны, онымен орнататын қарым-қатынасы, не істейтіні, не шығатыны қызық. Әрбіреуі туындыны өзінше бір мағынаға толтырып, жалпы айтқанда, білгенін істей алады. Осы арқылы олар өздері де суретші болады, және менің со-авторларыма айналады”, — Дана Искакова.
Видео-ойындар әлемінде танымал термин “cheat code” Дананың шығармаларын сипаттауға дәл келеді. Дана осындай cheat code қолданып отырғандай, қалыпты жұмыс және өмір қағидаларын бұзып, көрерменнен суретші қылып, ақшаны құнсыздандырып, болаттан айна жасап, сырларымызды жасырудың амалын тауып, адамзат үшін жаңа ойын жолдарын анықтайды. Жуықта Дананың бастамасымен “If” қияли заманауи өнер туралы журналы жарыққа шығады.
Фотосуреттер авторы: Юло Хан.
Көркемдік жетекші: Аида Әділбек.
Мәтін авторы: Аида Әділбек.
Бас редактор: Рус Бикетов.
Сәнді көркемдеуші: Асель Нусипкожанова.
Макияж: Ольга Огнева.
Шаш сәншісі: Евгений Крич.
Біздің фотосессиямызға көмектескен TWIG x Fashion Lab және көзілдіріктер дүкеніне көп рақмет!
3-я Рижская биеннале отменена из-за российского финансирования
Анджелина Джоли арендовала дом Энди Уорхола и Жан-Мишеля Баскии