Шырақшы Аида Әділбектің Art of Her редакциясымен бірлесіп бастаған авторлық айдары. Жобаның мақсаты Орталық Азияның заманауи өнер саласындағы суретшілер мен шеберлерге назар аударту және аудиторияны олардың шығармашылығымен таныстыру. Біздің мамыр айының кейіпкеріміз қазақ-қырғыз дизайнері, зерттеуші және тәлімгер, Айша Жандосова.

Айшаның Instagram-дағы парақшасын ең алғаш есіме алсам, жолдасы екеуі балаларға арналған жеңіл киіз үйдің керегелерін жасап жатқан видеолары көз алдыма келеді. Олардың дизайны бойынша кішкентай киіз үйді аулада немесе үй ішіне балалар ойнағысы келсе тез арада орнатуға болатындай қылып жасау еді. Айшаның парақшасында осы жобаға арналған бірнеше посттар арқылы мұндай конструкцияны жасау үшін қаншама тестер мен еңбек қажет екені көрінеді. Ең қиыны және қызықтысы кереге ию және оны жиналмалы қылып жасау еді.

Сол кезден бері өз басым Айшаның шығармашылығын ғаламтор арқылы бақылап келе жатырмын. 2019 жылдан қазақ-қырғыз дизайнері дәстүрлі қолөнер техникаларын жаңаша пішіндеумен айналысып, жылдан жылға ой жағынан да, талғам жағынан да қызықты шешімдер тауып, өнертапқыштығымен ерекшеленеді. Бұған дәлел болатын бірнеше мысалымыз төменде аталып кетеді.

2020 жылдың жазында саяси белсенді Асия Тулесованы Алматы қаласының соты жала айыппен 3 жылға соттамақшы еді. Басқа белсенділермен қосылып, пандемия уақытында далаға шығып наразылық шеруін өткізуге тыйым салынғандықтан, Айша мен оның әріптестері Protest Körpe атты онлайн instagram парақшасын ашады. Парақша арқылы қозғалыстың вэбсайтына өтіп digital құрақ көрпе құрастырып, оның түсін таңдап, бейне бетіне өзіңіздің таңдаған ұраныңызды жазып шығаруға болатын. Бұл бейнелерді Асияны, саяси белсенділерді қолдап және елімізде демократия, әділ сот талап етушілер наразылық белгісі ретінде өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларына сала бастады. Қозғалыстың манифестінде Protest Körpe-нің ұйымдастырушылары құрақ көрпе тіккендей, қоғамды бірлесіп демократиялы, әділ Қазақстанды құруға шақырған.

Айшаны ғаламтор арасында танымал қылған тағы бір тәжірибелерінің бірі — сырмақ, қырғызша шырдақ киіз бұйымдарының бетіндегі ою-өрнектерді қағаз бетіне қайталап сызылған түрлі түсті қиындылары. Ең алғаш Айша бұл жұмыспен 2021 жылы әлемді пандемия жаулап, жол жүру мүмкіндігі жоқ болып, бір жыл бойы АҚШ-та болғанда бастаған еді. Өзінің Қазақстандағы және Қырғызстандағы отбасын сағынып, іштей үй сезімінің ізденісі үстінде осындай зерттеуін бастайды. Айшаның айтуынша бұл тек ою-өрнек жайлы зерттеу болып қоймай, отарсыздану теориясында қолданылатын “ре-экзистенция”, яғни қайта бастан кешу, өзіңнен өткізу мағынасына жақын терминнен туған ойлар. Өзінің парақшасына жаңа қиындыны салғанда Айша сурет астындағы мәтінге әрдайым қолданылған сырмақ дереккөзін, онда жазылған сырмақ авторын белгілеп кетеді. Мұндай әрекет арқылы Айша жылдар бойы қалыптасып қалған қолөнер бұйымдарының авторының атының аталмауы немесе мұндай бұйымдардың жалпы алғанда авторының болуы мүмкін емес екенін жоққа шығарады. Бұл да әрине әйел авторларының еңбегін күшейту жолдарының бірі. Тірідей кездесіп, сөйлесе алмаса да, Айша осы әйел авторларымен олардың туындыларын тереңірек зерттеу арқылы байланыс орнатуға шешеді. Бұл тәжірибесі жайлы мен ruyò journal-дың бірінші басылымында толығырақ тоқтап атап кеткенмін.

Қазіргі таңда Айшаның әлеуметтік желі парақшасында оның шым ши тоқып үйреніп жүргенін бақылай аламыз. Осылайша, Айшаның кейде архаикалық болып саналатын дәстүрлі, күрделі тәжірибелерді жаңғыртып, олармен айналысудың өзіндік жолын іздейді. Бұған себепші бірнеше фактор бар:

  • бүгінгі таңдағы нарықтық бәсекеге байланысты қолөнер кәсібінің азаюы;
  • Кеңестік кезеңде көптеген дәстүрлі тәжірибелердің жоғалуы, яғни ұстаздан шәкіртке берілетін дағдылардың жоғалып бара жатқаны.

Осы себептерге байланысты жас суретшілер мен дизайнерлер бұл өнер формаларын үйреніп, меңгеру үшін өздерінің жолын табуы қажет. Осыған орай Айшаның әріптесі Аида Исаханқызы екеуі бастаған Babalar Press баспасының қызметіне тоқталғым келеді. Babalar Press өздерінің басты мақсаты етіп, ата-бабалар тәжірибесінен үйренуді алға қойып, өзіміздің шығармашылық жолымызды іздеуге қолайлы орта қалыптастыруды көреді. Айша өз бетінше сырмақ қиындылары арқылы күнделікті іс-әрекетінен үй және identity жайлы сұрақтарға жауап іздеген, ендеше осындай тәжірибе арқылы Орталық Азия аумағында тұратын және өзіндік identity туралы қиын сұрақтарға жауап іздеп жүргендерге бірлесіп ой толғау, үйрену, талқылауға арнлаған жоба жасайды. Дарынды дизайнерлер Хайдер Мухит және Камила Захидовамен бірлесіп олар бірінші басылымның қағаз бетіндегі дизайн шешімдерін іздеп, үш тілде басылып шығатын басылым шығарады.

Осы жобаны жасау барысында Айшаның толғаныстарының бірі — біз бір-бірімізге және бір-біріміздің шығармашылығызға тексеруші, қадағалаушы болып қараймыз. Өнер ортасында да, және жалпы аудитория арасында қазіргі таңда өзекті болып тұрған мәселе — өз мәдениетімізбен, тілімізбен байланыс табу. Бұл жолда кімде кімнің жолы алуан түрлі, сонымен қатар, өзіңнің кім екеніңді іздеудің дұрысы мен бұрысы жоқ. Сондықтан да Айша мәдениет және өнер арасында іштей цензураның болмауын аңсайды.

Жалпы қарағанда Айша өзінің шығармашылығында ғаламтордың көмегімен әлеуметтік желілерді озық қолданады. Жоғарыда аталған жобаларды, тіпті Babalar Press тің жұмыс үрдісінің өзі Zoom арқылы онлайн өтеді. Бұған бірден бір себеп, әрине, ұйымдастырушылар мен қатысушылардың әр түрлі елде тұрып, өмір сүретіні, бірақ, оған қоса бұл өз қаламыздан тыс тұратын адамдармен бірлесу мен кез келген ақпаратқа жеңіл қолжетілімдіктің басты көзі. Айша бұл жабдықтардың барлығын өнер, мәдениет, білім беру салаларындағы теңестіруші құрал ретінде көреді.

Бір апта бұрын Айша Жандосова Алматы қаласында салынып жатқан Almaty Museum of Arts-тың Білім беру бағдарламаларының директоры болып тағайындалды. Айшаны құттықтап, іске сәт тілегіміз келеді. Біз Айшаның жаңа жобаларын асыға күтеміз.


Фотосуреттер авторы: Юло Хан.
Көркемдік жетекші: Аида Әділбек.
Мәтін авторы: Аида Әділбек.
Бас редактор: Рус Бикетов.
Сәнді көркемдеуші: Асель Нусипкожанова.
Макияж: Ольга Огнева.
Шаш сәншісі: Евгений Крич.

Leave a comment

Your email address will not be published. Обязательные поля помечены *