Шырақшы Аида Әділбектің Art of Her редакциясымен бірлесіп бастаған авторлық айдары. Жобаның мақсаты Орталық Азияның заманауи өнер саласындағы суретшілер мен шеберлерге назар аударту және аудиторияны олардың шығармашылығымен таныстыру. Біздің қаңтар айының кейіпкеріміз суретші, иллюстратор және саяси белсенді, Жанел Шахан.
Жанель Шаханды өз басым Т.К. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында оқу кезімнен танимын. Монументалды кескіндемешілер шеберханасында алғаш рет танысқанымнан, Жанелді белсенді көркем шебер адам ретінде білдім. Жылдар өте келе оның шығармашылығы монументалды өнер техникасынан алшақ болса да, сипаты мен қасиеттерінен тым алыс емес. Жанелдің көркем шығармашылығы мен арт активистік жұмыстары әлі де монументалды пішіндерге, сонымен қатар ішкі толғаныстар мен күрделі эмоцияларға толы.
Шығаршылығын дамыту жолында Жанелдің жұмыстарында қайталанбалы болып келетін пішін — ол адам, әсіресе, әйел адамның денесі. Адам тәнінің бейнесі және оның шектеулері мен трансформациялануы бірнеше мәселелерге тікелей байланысты. Сондай-ақ, Жанель туындыларындағы адам қолдарының көлемінің гиперболизациясын академистік сурет салу әлеміндегі қағидаларға өзінің қарсылық көрсетуі деп байқайды. Қолдардың әсіреленуі төмендегі “Атаусыз 1-6” туындылардың әрқайсысында алуан түрлі пішіндерде бейнеленген. Дегенмен, олардың әрқайсысының эмоционалды келбеті мен артындағы ойы бірдей емес.
Қолдардың символикасына тоқтау арқылы Жанелдің шығармаларын толыққанды түсінуге тырысайық. Колдарды кейде билік, күш деп оқи алсақ, кейде оны қорғаныс, мейманшылық деп көре аламыз. “Атаусыз” 1 және 2-дегі абстрактлі бейнелерде басы аяғы түсініксіз дене бөлшектерінің араласып жатқанын көреміз. Графикалы қағаз бетіндегі жұмыстар үрейлі, оған олардың түстері де анық меңзейді. Біріншісі монохромды, сұр реңкте, табан, алақан, қолдардың араласып жатқан мезеті. Онда бір немесе бірнеше адамның денелерінің қосындысы, демек қарбалас пен күрестің қорытындысы салынған. Арпалыс жоқ. Дегенмен де, тыныштық та сезілмейді.
Екінші жұмыста нақты бір адам басына немесе денесіне тиесілі ішкі арпалысты анық көре аламыз. Ондағы композиция қақ ортасынан бір денемен екі бөлікке, ақ және қара кеңістікке бөлінген. Жұмыстың басты акторлары екі алып қолдар. Біреуі ақ, біреуі қара. Бірінің алақаны ашық, момын болса, екіншісінің қылығы сырқатты көрінеді. Жанель адам баласына тән ішкі күрестің бейнесін пастельдің үзік-үзік сызбалары арқылы үзілмейтін, кайталанбалы процесс деп көрсетеді.
Өзінің автопортреттері болып келетін “Атаусыз” 3 және 4-ші шығармаларда монументалды кескіндемелік мектептің декоративті қасиеттері анық. Мұнда фигуралардың және олардың денелерінің нақты жиектері мен сызықтары беріледі. Әйел денесі өз-өзін мүмкін қорғау үшін, немесе мәпелеу үшін оралып, композициялар домаланып кетіп бара жатады. Спираль секілді оранған денелердің сыртқы орта қысымына байланысты кішірейіп бара жатыр ма, әлде керісінші гүл секілді ашылуға дайындалып жатыр ма — белгісіз. Оған қоса, бұл туындыларға суретшінің жеке өмірі мен ішкі әлеміндегі мәселелердің анық ықпалы көрінеді. Саяси белсенді және заманауи әйел басынан кешетін мәселелер 2023 жылдың соңғы айларында айрықша ашыла кетті. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі және еліміздегі сөз бостандығы деңгейінің нөлге жақындап бара жатқан уақытында, өзіңді қоғамдық субьект емес, тәжірибе объекті ретінде сезінбеу қиынға түседі. Қорқыныш пен әлсіздік сезімдері толысқанда адам дәл Жанелдің жұмыстарындағыдай өз-өзін қорғап, сақтап қалу түйсігінен алшақтай алмайды.
Оралып бара жатқан әйел денелерінің бейнесі көңіл-күймен қоса body dismorphia секілді түсініктерді түртіп кетеді. Өз денеңді қабылдау, нақтырақ болсақ, денеңнің келбеті мен бейнесін қабылдай алмауың, санаң мен физикалық кейіпіңнің бір-біріне сәйкестенбеуі бұл шығармаларда да бар. Дегенмен, ондағы анық көркемдік шешім декоративті алып пішіндердің өзінде де нәзік қиылыстар мен керім сызықтардың болуы. Осылайша, бұл туындыларда стереотиптер және әлеуметтік-саяси жағдай тұтқынының бейнесі ашылады. Қандай да бұрыс қағидалардан босану жолында біз менталды түйсігіміз бен тәніміздің шектеулерімен кездесеміз. Олар бізге қарсыластық білдірмесе де, еркін сезіну жолында біраз өмірімізді қиындатады.
Жанелдің көркем шығармашылығынан басқа көптеген арт активисттік жобалары бар. Жанель саяси белсенділік пен өнердің түйісу нүктелері жайлы дәрістер беріп, біраз мағлұматтармен бөлісе келе, өзінің өнердегі білімін қоғамдағы мәселелерді ашық көрсетуге қолданады. Еліміздегі саяси өзгерістер үшін күресіп жүрген суретші адами құндылықтарды алға қойып, былай дейді:
“Заңсыздық пен биліктің күшпен келуіне көнуге болмайды. Себебі, адам бойындағы ең маңызды қасиеті — бостандық”.
- Бұл материал шығу уақытында Жанель және басқа да Oyan, Qazaqstan! саяси қозғалысының мүшелері “бейбіт митинг тәртібін бұзды” деп заңсыз айыпталып, әкімшілік сот шешімі бойынша 15 тәулікке қамалға алынды.
Фотосуреттер авторы: Юло Хан.
Көркемдік жетекші: Аида Әділбек.
Мәтін авторы: Аида Әділбек.
Бас редактор: Рус Бикетов.
Сәнді көркемдеуші: Асель Нусипкожанова.
Макияж: Ольга Огнева.
Шаш сәншісі: Евгений Крич.
Польша отозвала свою «антиевропейскую» заявку на Венецианскую биеннале
В Греции после реконструкции открыли 2400-летний дворец, где был коронован Александр Македонский