Суретші Гүлфайруз Ысмаилова қазақ мәдениетіндегі әйел тұлғалары жайлы Батырхан Шөкенов атындағы қорының жаңа подкасы Qazaq Roses-тың үшінші шығарылымының кейіпкері болды. Өзінің эссесінде, суретші, куратор және өнертанушы Аида Әділбек кеңестік кезеңде қалыптасқан Гүлфайруз Ысмаилованың әлеуметтік бейнесі арқылы өнер саласындағы өзекті мәселер жайлы айтып кетеді.

Гүлфайруз Ысмаилова — дарынды театр безендіруші, кескіндемешінің атын көбісі оның әйгілі қазақ әйел бишілері, әншілері, әртістерінің порттреттерінен таниды. Дегенмен, Гүлфайруздың театралды қойылымдарға арналып жасалған безендіру жұмыстары шығармашылығының аса маңызды бөлігін алады. Оның шығармашылық және жеке өмірлік ықпалы біздің бүгінгі суретші болу, суретшінің кім және оған деген әлеумет пен институциялардың көзқарасын қалыптастырған тұлғалардың бірі.

Гүлфайруз 1929 жылы Алматыда дүниеге келген. Оның жастық кезі Қазақстандағы ашаршылық пен Сталиндік репрессиялар уақытына келіп, мектеп кезі Екінші Дүниежүзілік соғыс мезетінде өтеді. Мектепте сурет сабағын жақсы көретін жас қыз мектеп газетін безендіру, жергілікті госпитальде соғыстан жарақаттанған солдаттарға сурет салумен айналысады. 1944 жылы Алматы көркемөнер училищесіне түсіп, өзінің кәсіби шығармашылық жолын А.М.Черкасскийдің шәкірттігінде бастайды. Гүлфайруз өзінің өміріндегі ұстаздарын ұмытпай, әрдайым олардың жас суретшінің шығармашылығы мен дүниетанымына тигізген әсері жайлы айтып отыратын. Сондай тағы да бір ұстаздарының бірі — И.Е.Репин көркемөнер академиясындағы мұғалімі М.П. Бобышев. Гүлфайруз академияға кескіндеме факультетіне түскеніменде, Бобышевтің арқасында ол өзінің театрға деген сүйіспеншілігін ашады1.

Өзінің 30-жылдан астам театр безендіру мансабында Гүлфайруз 30-ға жуық қойылымдарының бас суретшісі болып, олардың көркем визуалды кейіпін тапқан. Шығармашылығында ол опера да балет қойылымдарымен жұмыс істеп, қазақ халық дастандары, батырлар және махаббат эпос негіздерінде қойылған қойылымдарға жақын болатын. Ондағы жұмысы ұстазы Бобышев үйретіп кеткендей, ең алдымен қойылымның толықтай бірегей бейнесін тауып, әрі қарай кескіндемелік, қолданбалы шешімдер арқылы музыка мен драматургияға сәйкес көркем безендіру жұмыстарынан тұратын2.

Дегенмен, Гүлфайруздың театр және кескіндеме аясындағы шығармашылығы аса қызықты да жан-жақты болғанымен, мен бұл эсседе Ысмаилованың замандас өнертанушылары мен Кеңестік медианың оның суретші ретінде қалыптастырған бейнесіне тоқталғым келеді. Мұның маған бүгінгі таңда аса өзекті болып көрінген себебі — Гүлфайруздың шығармашылық портреті әлі күнге дейін біздің заманауи суретші, әсіресе әйел суретшінің бейнесінің комплексті мәселелерін танып, ашуға көмектеседі деп сенемін.

Егер де сіздерге Гүлфайруздың шығармашылығымен танысуға көбірек дереккөз қажет болса бүгінгі таңда кітапханаларда ең қолжетімді бірнеше монография бар. Осы эссены жазуда қарастырылған монографияның бірі Люция Марченконың жазған «‎Гульфайрус Исмаилова. Живопись и театрально-декорационное искусство»‎. Онда Марченко Гүлфайруздың шығармашылығын уақыт реттілігімен үш тарауға бөліп қарастырады. Ең үлкен және толық баяндауы Гүлфайруздың театр аясындағы кәсіби өмірі жайлы, ары қарай кескіндеме және соңғы бөлігі кино саласындағы жұмысы туралы. Кіріспесөзінде суретшінің биографиясы және жеке мінездемесі жазылған. Сол ең алғаш беттерінде кейіннен Гүлфайрузды сипаттау үшін жүздеген рет қолданылатын басты, меніңше, кеңестік өнертанушылар мен журналистердің қателігі бар. Гүлфайруздың өмірін және жалпы болмысын сипаттау үшін бұл монографияның жалғыз бірінші бетінің өзінде “әдемі”3 сөзі бес рет қолданылады. Мұндай романтизм әлі күнге шейін суретші болсын, болмасын, бірақ тікелей әйел адаммен байланысты риторика. Яғни, осындай баяндаудан туатын “сұлу әйел суретші шығармашылығында тек әдемі бейнелер салумен айналысады”, немесе “тек сұлулыққа толы әлемнен суретші туады” деген жаңылыстыратын ойлар пайда болады.

Марченконың тағы да бір, менің ойымша, өнертанушылық анализіндегі жаңсақтығы — Гүлфайруздың шығармашылық жұмыс барысын тек эмоцияналды, сезім жағынан баяндауы. Демек, осындай анализге сенетін болсақ суретші, Гүлфайрус Ысмаилова, Абай опера және балет театрының бас көркемдеушісі, кейіннен Суретшілер Одағының басшысы шығармашылығында толықтай жан толғаныстарына жүгінетін. Екінші қарастырылған дереккөз «‎Наши современники. Гульфайрус Исмаилова»4 кітабында архивті құжаттар, отбасы альбомынан алынған фотосуреттер және газет-журналдардан алынған сұхбаттар берілген. Сондай сұхбаттардың бірінде жоғарыда Марченконың жазғанына қарама-қайшы келетін Гүлфайруздың жауаптары бар. «‎Қыз Жібек» атты Сұлтан Ходжиковтың фильмнің бас безендірушісі болған Ысмаилова көптеген архивтік дереккөздерге сүйенген. Оның айтуы бойынша ол қытайлық дереккөздерден5 қазақ ұлттық киімдерін сипаттайтын мәлімет тауып, өзінің идеясын дамытуға көмектескен материалдарды қарап шыққан.

Ысмаилованың шығармашылығындағы аса маңызды «‎Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «‎Ер Тарғын», «‎Алпамыс» эпостарының қойылымдарын талқылағанда Марченконың да, меніңше, көптеген кеңестік, мәскеулік өнертанушылар мен театр сыншыларының да акценті суретшінің шапшаң фантазиясы мен кескіндемешілік, формалистік қасиеттерінде. Бұл тікелей Кеңес Одағындағы автономиялы республикалар тарихы мен социализмге дейінгі феодалдық қоғам мен байырғы руханиятына қарсы саясатымен байланысты. Эпостардың рухани және тарихи құраушы бөлігін жасыру, оларды тек қана әдеби фантастика ретінде ұсыну — қазақ және басқа да республикалардың халық мәдениетін бұрмалау жолы. Осындай отаршыл саясаттың тағы бір болмысы суретшілерді де эмоционалды етіп көрсету. Демек, өнер туындыларын да интеллект және аналитикаға сүйенбей, сыни көзқарас пен терең ойлау тарапынан шығатын еңбек емес екенін дәлелдеу жолы. Осылайша, өнер тек сұлу, әдемі әлемді бейнелеуі қажет дейтін жалған көзқарас туады. Өкінішке орай, ол бүгінгі таңға дейін әлеумет арасында таралған өнерге және суретшілерге деген жалпылама ой болып келеді.

Гүлфайруздың шығармашылығын көп өнертанушылар қазіргі уақытта да “заман бейнесі” ретінде қарастырады. Мұндай көзқарас көбінесе суретшінің портреттік жұмыстарына байланысты. Ысмаилова өзінің театрдағы жұмысы арқылы шынымен де өз заманының аса дарынды орындаушыларымен таныс болып, бірге жұмыс жасап, оларды жақыннан, күнделікті жұмыс барысында бақылауға мүмкіндігі болған суретші. Осындай бақылау мен тығыз қарым-қатынастан туған Шара Жиенқұлова, Шолпан Жандарбекова, Күляш Байсеитова, Бибігүл Төлегенова және басқа да әртістердің портреттері Гүлфайруздың өзі өмір сүрген, жұмыс істеген ортадағы меззеттерді белгілеп, бекітіп кету жолы болды. Марченконың жазу стилистикасымен келіспесем де, маған бұл монографиядағы жақын болып көрінген ой — ол Гүлфайруздың театр безендірудегі эскиздері толыққанды кескіндемелік жұмыстай болғаны6. Керісінше де, оның кескіндемелері қойылымның бір still-ы, статикалы документациясы секілді. Маған оларды заманауи тұрғыдан қабылдау қиын болғанымен де, сол уақыт, заман мен мансап ерекшеліктерін түсіну үшін үлкен көмек болып көрінеді.

Заман бейнесі мен өз замандасының бейнесі Гүлфайрузға соншалықты ерекше болғанын Н. Бабошин 1963 жылы алған сұхбатында да сезіледі. Жеке басыма бұл сұхбат заманауи суретші, 21-ғасырда күрделі саяси-әлеуметтік аумақ пен әлемде, мәдениет саласында жұмыс істеп жүрген адам ретінде аса пайдалы да сергітетін Гүлфайруздың айтқан кеңесі ұнады:

«‎Жас суретшілерге айтатыным өзекті, заманауи тақырыптарға жұмыс жасаңдар! Бүгінгі заманауи адам болмысын көрсетіңдер. Заманауи адам бейнесі — ең күрделі де көпқырлы көрініс»‎.

Демек, қандай да бұрмалауларға қарамастан, мен ендеше Гүлфайрузды стереотипті дәстүрлі сүретші бейнесінен гөрі, сын мен құбылмалы уақыт көрінісін бейнелеуден жасқанбайтын тұлға ретінде танимын.


  1. Люция Марченко «‎Гульфайрус Исмаилова. Живопись и театрально-декорационное искусство»‎, Москва, 1975, бас. Советский художник, 5 б; ↩︎
  2. Люция Марченко «Гульфайрус Исмаилова. Живопись и театрально-декорационное искусство», Москва, 1975, ,бас. Советский художник, 7 б; ↩︎
  3. “природа … дает человеку красоту”, “красивая обаятельная женщина”, “в детстве восприимчива ко всему красивому”, “встретит на улице красивого человека”, “мир прекрасен”; ↩︎
  4. «‎Наши современники. Гульфайрус Исмаилова», Алматы, 2004, бас: Өнер; ↩︎
  5. «Наши современники. Гульфайрус Исмаилова», Алматы, 2004, бас: Өнер, 62 б; ↩︎
  6. Люция Марченко «Гульфайрус Исмаилова. Живопись и театрально-декорационное искусство», Москва, 1975, бас. Советский художник, 11, 17 б. ↩︎

Leave a comment

Your email address will not be published. Обязательные поля помечены *